Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, науқас мопедтен құлап, ауыр жарақат алған.
«Науқастың оң жақ санында бірнеше жарақат анықталды. Сүйегінің басы артқа қарай шығып, оң жақ ұршық ойығының артқы бағанасы жабық күйде ығысқан. Бұл – ауыр сынық. Мұндай диагнозбен түскен науқастар бұрын Астана немесе Алматы қаласына ота жасату үшін санавиациямен жеткізілетін еді. Алайда, бұл отаны ауруханада алғаш рет жасауға шешім қабылдадық», - дейді травмотолог Қанат Саматұлы.
Дәрігердің айтуынша, бұл күрделі ота болғандықтан, алдымен дайындық жүргізілген. Дегенмен, ота сәтті жасалып, науқасқа барлық медициналық көмек көрсетілген.
«Адамның сүйегі зақымданғанда, тамырларынан қан кетеді. Кейде мұндай зардаптың соңы өлімге әкеліп соқтыруы мүмкін. Біз жасаған күрделі отадан соң науқас оңалту курсынан өтті. Қазір ол ешкімнің көмегінсіз жүре алады. Жағдайы жақсарғаннан кейін үйіне шығарылды», - деп мәлім етті Қанат Саматұлы.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау дәрігерлері ауыр пневмонияға шалдыққан нәрестені аман алып қалғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ, Атырау дәрігерлері жүрегі тоқтап қалған 12 жасар қыздың өмірін сақтап қалған еді.