Атырау дәрігерлері әйелдің жатырынан 6 келі миоманы алып тастады

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облыстық перинаталдық орталығының дәрігерлер науқасқа ота жасап, салмағы 6 келі, көлемі 35 см үлкен миоманы алып тастады.

Фото: Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы

Атырау денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, науқастың жатырындағы үлкен миоматозды түйін ультрадыбыстық зерттеу арқылы анықталған.

«Науқастың сырқаты бірнеше жылға созылған. Ол ауырсын байқалған соң дәрігерлерге жүгінген. Облыстық перинаталдық орталығының дәрігерлері науқасқа жедел көмек көрсетіп, тиісті ем-шара жасады. Кейін күрделі ота жасауға шешім қабылданды. Орталықтың гинеколог дәрігері жасаған ота сәтті өтіп, салмағы 6 келі, көелмі 35 см миоманы алып тастады», - деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

Отадан соң науқас гинекология бөлімшесіндегі дәрігерлердің бақылауында болған. Биыл жыл басынан бері орталықтың гинекология бөлімшесінде әртүрлі мөлшердегі миоманы жою бойынша бірнеше ота жасалған.

«Қазір науқас жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылды. Оның жағдайы бірқалыпты. Дәрігерлер оған қажетті ем-дом шарасын жүргізіп, бақылауға алды», - деп мәім етті басқарманың баспасөз қызметінен. 

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау дәрігерлері жүрегі тоқтап қалған 12 жасар қыздың өмірін сақтап қалған еді. 

Сондай-ақ биыл Атырауда екінші үшем дүниеге келгенін хабарлаған болатынбыз.