Атырау экологтері атмосфералық ауадан сынама алды

Фото: Фото: Атырау облыстық экология департаменті

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысының экологтері атмосфералық ауаның спасын тексеру үшін сынама алды. 

Атырау облыстық экология департаментінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа қарағанда, 6 қаңтарда әлеуметтік желіде «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-ға қатысты шағымдар жүктелген.

– Тұрғындардың шағымына байланысты «Казгидромет» РМК-ның Атырау филиалы және «АМӨЗ» ЖШС-нің өкілдерімен бірге атмосфералық ауадан сынама алу жұмысы жүргізілді. Желдің соғу бағыты бойынша «АМӨЗ» ЖШС-нің санитарлық қорғау аймағының оңтүстік шекарасынан күкірсутек (H2S), көмірсутектер (С6-С10), көміртегі оксиді (СО) секілді ластаушы ингредиенттерге сынама алынды. Сынамаға талдау жүргізілді. Желдің бағыты солтүстіктен, жылдамдығы секундына 2 метр болды, - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Фото: Атырау облыстық экология департаменті

Сынамаларды талдау нәтижесімен рұқсат етілген шекті шоғырланудан асу дерегі анықталмаған. 

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау мұнай өңдеу зауытының қондырғысынан будақтап бу көтеріліп жатқанын хабарлаған болатынбыз.