Атырау-Орал трассасындағы 67-68-шақырымның үстімен тасқын су өтіп жатыр

Фото: Әзілхан Уахитов

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау-Орал трассасындағы 67-68-шақырымның үстімен тасқын су өтіп жатыр.

Махамбет ауданы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, бүгін «Махамбет» шәйханасының тұсына тасқын су мол жиналған. 

«Соған байланысты шәйханаға таяу маңнан өтетін республикалық маңызы бар Атырау-Орал трассасының бойына салынған бөгет ашылды. Бөгетті ашуға 6 арнайы техника тартылды. Қазір аталған трассаның 67-68-шақырымының үстімен тасқын су өтіп жатыр. Жолдың бұл бөлігі Жайық өзенінің жағалауынан шамамен 6-7 шақырым қашықтықта орналасқан», -деп хабарлады аудандық әкімдіктен.

Бүгін кешкі сағат 20:00-де Жайық өзеніндегі су деңгейі Махамбет ауданында 10 метр 23 сантиметрді құрады Бұл қауіпті шектен 173 сантиметрге көп. Дегенмен, аудандағы елді мекендерге төніп тұрған қауіп жоқ. 

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау-Орал трассасынан Талдыкөл ауылына баратын жолды тасқын су басқанын жазған болатынбыз

Сондай-ақ, Атырау-Индер трассасының Атырау қаласына кіретін бөлігі жабылғанын жазған едік.