Атырау маңында көлігімен батпаққа батып қалған 12 адам құтқарылды

АСТАНА. KAZINFORM — Кеше кешкісін Атырау қаласындағы Бесікты ауылы маңында, демалыс орындарының бірінің жанында үш жеңіл автокөлік батпақты жерге батып, қозғала алмай қалған, деп хабарлайды ТЖМ баспасөз қызметі.

Фото: Видеодан скрин

Жер бедерінің күрделілігі мен тұрақты байланыс желісінің болмауын ескере отырып, құтқарушылар жоғары өтімді техника мен спутниктік байланысты пайдаланды.

— Нәтижесінде 12 адамның барлығы, оның ішінде 6 бала қауіпсіз түрде эвакуацияланып, елді мекенге жеткізілді. Ешқайсысына медициналық көмек қажет болмады, — дейді мамандар.

ТЖМ тазартылмаған және батпақты жол учаскелерінде, әсіресе түнгі уақытта, жеңіл автокөлікпен жүруден бас тартуды сұрайды.

Бұдан бұрын Қарағанды облысында балшық құрсауында қалған 18 адам құтқарылғанын жаздық.