Атырау маңындағы апаттың салдарынан 6 жолаушылар пойызы кешігеді

Фото: railways.kz

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласының маңындағы апаттың салдарынан 6 жолаушылар пойызы кешігеді. Оның ішінде «Волгоград – Ташкент» бағытына қатынайтын пойыз да бар.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, бұған Теңдік стансасындағы апатқа байланысты байланысты жолаушылар пойыздары кестеден кешігеді. 

– 1 наурызда Теңдік стансасындағы теміржол өткелінде жүк көлігі жүргізушісінің кінәсінен жүк пойызымен соқтығысу орын алды. Оқиға салдарынан локомотив пен 11 бос жүк вагоны рельстен шықты. «Жолаушылар тасымалы» АҚ осыған байланысты келесі алты жолаушылар пойызының кідірісі туралы хабарлайды. Оның ішінде №313 «Атырау – Маңғыстау», №314 «Маңғыстау – Атырау», №42 «Алматы – Атырау», №41 «Атырау – Алматы», №123 «Волгоград – Ташкент» және №691 «Атырау – Ақтөбе» пойызы бар, -деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі. 

Ұлттық тасымалдаушы жолаушыларды тамақпен қамтамасыз ету шараларын қолға алынған. Пойыз қозғалысының жай-күйі туралы SMS-хабарламалар және вокзалдардағы ақпараттық тақталар арқылы жедел мәліметті тарату жүзеге асырылып жатыр. 

– Жолаушылар пойыздарының кідірісі туралы толық ақпарат алу үшін 1433 тегін нөміріне хабарласуға болады. Пойыздың бір сағаттан астам кідірісі болған жағдайда, Қазақстан Республикасының теміржол көлігімен жолаушыларды, жолжүктi, жүк-жолжүктi және пошта жөнелтiмдерiн тасымалдау қағидаларына сәйкес, жолаушыларға келесі төлемдер қарастырылған. Сапардан бас тартқан жолаушыларға жол жүру құны толық көлемде қайтарылады. Жол бойында сапарды тоқтатқан кезде жүріп өтпеген қашықтықтың жол жүру құны өтеледі. Пойыз кешіксе, әр толық кешіккен сағат үшін жол жүру құнының 3%-ы мөлшерінде, бірақ толық билет құнынан аспайтын өтемақы төленеді, -деп мәлім етті компанияның баспасөз қызметінен.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атыраудағы пойыз апатынан зардап шеккен 3 машинист ауыр жарақат алғанын жазған болатынбыз

Кейін теміржолдағы апаттың салдарынан кешіккен жолаушылар Атырауға автобуспен тасымалданып жатқанын хабарлаған едік.