Құқық қорғау органының мәліметінше, прокуратура актісі негізінде Атырау мұнай өңдеу зауытының жаңа санитариялық-қорғау аймағы бекітілді. Аталған аумақта 200-ден астам адам тұрады.
— Мұнай өңдеу зауытының айналасындағы қауіпті аймаққа қатысты 10 жылдан бері созылған экологиялық мәселе шешімін тапты. Қазіргі таңда 80 тұрғын үйдің тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіру мәселесі шешілуде, — деп хабарлады прокуратура.
Сонымен қатар экология саласындағы прокуратура алқасының көгалдандыру мәселесіне арналған шешімімен жауапты лауазымды тұлғалар айқындалып, өңірде «жасыл белдеуді» қалыптастыру тұжырымдамасы мен өзге де іс-шаралар әзірленді.
— Бұған дейін ағаштар суару мен күтім жоқ шалғай аумақтарға отырғызылып, олардың қурауына әкелген. Енді прокуратура барлық тартылған кәсіпорын мен мемлекеттік органдардың жұмысын жүйелеп, өңірдің ірі елді мекендерін кезең-кезеңімен толық көгалдандыруға және атмосфералық ауаның сапасын жақсартуға мүмкіндік жасады, - деп толықтырды облыс прокуратурасының баспасөз қызметі.
Бұған дейін Атырауда жасыл желектер есепке алынбаған, дендрологиялық жоспар жасалмағанын жазған едік.
Сондай-ақ өңірде жұмыс істейтін мұнай-газ компаниялары көгалдандыру міндеттемесін 0,4–18,5% ғана орындаған.