Кәсіпорынның қоғаммен байланыс бөлімінен мәлім еткендей, 21 қазанда тексеру жұмыстарының аралық қорытындысы шығарылған. Соған сәйкес технологиялық қондырғылардың бірінші кезегі іске қосылған.
"Қазір зауыттың тәуліктік мұнай өңдеу көлемі – 9 500 тонна. Мұнай өнімдері мынадай көлемде шығырыла бастады. Автобензин – тәулігіне 1 200 тонна, дизель отыны – тәулігіне 1 500 тонна. Зауыттың технологиялық қондырғыларда жоспарлы-алдын ала тексеру жұмыстарының негізгі бөлігі аяқталды. Энергетика министрлігі бекіткен кестеге сәйкес жабдықтарды кезең-кезеңімен технологиялық режимге шығару жоспарланып отыр", - деп хабарлады қоғаммен байланыс бөлімі.
Жоспарлы-алдын тексеру басталғаннан бүгінгі күнге дейін бірнеше бағытта жұмыс атқарылған. Бұл – жабдықтарды тазалау, пештер мен реакторларды қаптау, тозған жабдықтар мен катализаторларды ауыстыру, колонналық жабдықтардың ішкі құрылғыларын модификациялау. Қазір қысыммен жұмыс істейтін түтікшелерді тексеру жалғасып жатыр.
– Зауытта экологиялық заңнаманың талаптарына сәйкес қоршаған ортаға шығарылатын эмиссияларды анықтайтын автоматтандырылған жүйесін орнату жобасы жүзеге асырылуда. Жоспарлы тексеру кезінде технологиялық пештердің мұржаларына автоматтандырылған бақылау жүйесін монтаждауға қажетті барлық жұмыс орындалды, -деп мәлім етті қоғаммен байланыс бөлімінен.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау мұнай өңдеу зауытының жұмысы 1 қазанда тоқтатылатынын жазған едік.
Кейін Атырау мұнай өңдеу зауытындағы тексеру қарашаға дейін жалғасатынын хабарлаған болатынбыз.