Атырау облысында 2 мың 216 кәсіпорын жұмыссыздарды квота арқылы жұмысқа қабылдайды

Фото: Фото: Шахтинск қаласының әкімдігі

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысында 7 мыңнан астам кәсіпорын бар. Бекітілген квотаға сәйкес әр түрлі санаттағы адамдарды жұмысқа қабылдайтын 2 мың 216 кәсіпорынның тізімі нақтыланды.

Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Әбілқасымовтың айтуынша, 100-ге жуық кәсіпорын басшылары жұмыссыздарды жұмысқа қабылдауға дайын екенін білдірді.

«Облыс әкімдігінің 2023 жылғы 28 желтоқсандағы №283 қаулысына сәйкес, түрлі санаттағы адамдарды пайыздық мөлшермен жұмысқа орналастыратын кәсіпорындардың саны нақтыланды. Мәселен, 282 кәсіпорын 18 жасқа толғанға дейін ата-анасынан айырылған немесе қамқорлықсыз қалған жастардың 1 пайызын жұмысқа қабылдауы тиіс. Ал, 759 кәсіпорынға бас бостандығынан айыру орындарынан шыққан және пробация қызметінің есебінде тұрған адамдардың 1 пайызына жұмысқа орналастыру ұсынылды. Ауыр және қауіпті, зиянды жұмыс орындарын есептемегенде, мүгедектегі бар адамдардың 2-4 пайызын жұмысқа қабылдайтын 1175 кәсіпорынның тізімі бекітілді»,- дейді Еркебұлан Әбілқасымов.

Тізімдегі кәсіпорын басшыларына квота шеңберінде жұмысқа орналастыру және мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдау шараларының мән-жайы түсіндірілген. Сондай-ақ, «Электрондық еңбек биржасы» ақпараттық жүйесінде келісім-шарттарды енгізу қажеттігі мәлімет берілген.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын биыл Атырау облысына жұмыс істеуге 4 765 шетелдік келетінін жазған болатынбыз.