Биыл Атырау облысына жұмыс істеуге 4 765 шетелдік келеді

солтүстікке көшіру
Фото: Pixabay

АТЫРАУ. KAZINFORM - Биыл Атырау облысына жұмыс істеу үшін әлемнің әр елінен 4 765 шетелдік келеді. Шетелдіктердің басым бөлігі мұнай-газ өнеркәсібіндегі кәсіпорындарда жұмыс істейді.

Атырау облыстық жұмыс қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Абай Сәрсенғалиевтың айтуынша, шетелдіктер АҚШ, Ұлыбритания, Франция және Түркиядан келетіні анықталып отыр.

«Биыл Атырау облысынағы мұнай-газ саласындағы компанияларда жұмыс істеу үшін 4 765 шетелдік келеді. Оның ішінде 69 шетелдік басшылық қызмет атқарады. Ал, 865-і бөлім басшысы, 3041-і маман, 90-ы қарапайым жұмысшы ретінде жұмыс істейді», -деп хабарлады Абай Сәрсенғалиев.

Оның айтуынша, шетелден келетін мамандардың дипломы, еңбек өтілі болуы қажет. Мұның бәрі арнайы комиссия отырысында қаралады. Комиссия құрамында көші-қон, білім саласының, еңбек инспекциясының мамандары бар. Шетелдік маманға рұқсат алу үшін әр кәсіпорын салық төлейді. Салық мөлшері автоматты түрде есептеледі.

«Шетелдіктердің арасында маусымдық жұмысқа келетіндері бар. Былтыр 660 шетелдік маусымдық жұмысқа тартылған еді. Жергілікті шаруалардан шетелдіктерді маусымдық жұмысқа тарту квотасын көбейтуге ұсыныс түсті. Соған сәйкес биыл маусымдық жұмысқа келетін шетелдіктер саны 700-ге жеткізілді. Маусымдық қызметкерлер екі мақсатта жұмысқа тартылады. Біріншісі — егін алқабында, екіншісі жылыжайда жұмыс істейді», -дейді Абай Сәрсенғалиев.

Былтыр 497 шетелдік Атырау облысына көшіп келген. Оның ішінде 385 адам ел азаматтығын алған. Олар Ресей Федерациясы мен Өзбекстан Республикасынан жұмыс бабымен келіп, мұнайлы өңірге тұрақты тұруға шешім қабылдаған.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауға шетелдік жұмыс күшін тартуға 5 115 квота бөлінгенін хабарлаған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар