Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі растаған дерекке қарағанда, оқиға Махамбет ауданында тіркелген.
Махамбет ауданының тұрғыны жүктіліктің 36-аптасында жергілікті аурухана дәрігерлерінің көмегіне жүгінген. Бұған оның денсаулығындағы өзгеріс себеп болған. Жергілікті дәрігерлер 5-ші желтоқсанда жүкті әйелге ЖРВИ белгісімен медициналық «жедел фарингит» диагнозын қойған. Алайда науқас келесі күні қайтыс болған.
«Қазір 29 жастағы жүкті әйелдің қайтыс болуына байланысты сот-медициналық сараптама тағайындалды. Жүкті әйелдің қайтыс болу себептері анықталып жатыр. Сарапатама қорытындысы белгілі болғаннан кейін толық беріледі», - деп хабарлады денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда 51 жастағы әйел емханада алған уколдан соң көз жұмғанын жазған болатынбыз.
Атырау қаласындағы №1 емханада сағат 9:15 шамасында 1972 жылғы әйелге укол салынған. Алайда, пациенттің жағдайы нашарлаған. Емхана дәрігерлері жедел жәрдем шақырған.
Бірақ, сағат 9:51 шамасында пациенттің биологиялық өлімі тіркелген. Қазір сот-медициналық сараптама тағайындалды.