Атырау облысында бір аптада жол апатынан 6 адам мерт болды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында бір аптада жол апатынан 6 адам қайтыс болды. Атырау облыстық полиция департаменті баспасөз мәліметіне сүйенсек, өткен аптада 7 жол-көлік оқиғасы тіркелген.

Фото: Жамбыл облысы ПД

«Бір аптада 7 жол апатының салдарынан 6 адам мерт болды. Ал, 3 адам ауыр жарақат алды. Мәселен, 16 мамырда Атырау-Ақтөбе-Астрахань тас жолының 795-шақырымы тұсында 1987 жылғы жүргізушісі Lexus автокөлігінің басқару жүйесін игере алмай, жол жиегіне аударылды. Көліктің бірнеше рет домалауынан 3 адам қаза тауып, 2 адам түрлі жарақат алды. Ал, 18 мамыр күні дәл осы жолдың 571-шақырымында 61 жастағы жүргізушісі Tank-500 автокөлігімен жолдың жаяу өтуге арналмаған тұсынан жүргіншіні қағып кетті. Жаяу жүргінші оқиға орнында көз жұмды. Сол күні Индер ауданының Бөдене ауылында 16 жасар жасөспірім мотокөлікпен 2016 жылғы жасөспірімді қағып, мерт қылды. Индербор кентінде 19 мамырда 37 жастағы жігіт мотокөліктің басқару жүйесін игере алмай, оқиға орнында қаза болды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында мопед қаққан жасөспірім ауруханада қайтыс болғанын жазған едік