Атырау облысында дәрігерлер 13 өндірістік жарақат дерегін жасырып келген
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысындағы Мақат аудандық ауруханасының дәрігерлері 13 өндірістік жарақат дерегін жасырып келген.
Атырау облыстық прокуратурасының мәліметінше, еңбек қауіпсіздігі саласына прокурорлық тексеру кезінде анықталып отыр.
«Медициналық ұйымның қызметкерлері 13 өндірістік жарақат фактісі жасырған. Аталған фактілер бойынша жұмыс берушінің кінәсінің дәрежесін анықтау үшін міндетті тергеулер қамтамасыз етілмеген. Өз кезегінде жәбірленушілер өздеріне тиесілі өтемақы алу құқығынан айрылды. Прокурорлық қадағалау актісі нәтижесінде Мақат аудандық ауруханасы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 96-бабының 1-бөлігімен (Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға фактісі туралы хабарламау) әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деп хабарлады облыстық прокуратурадан.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында 38 млн теңгенің мүлкі мемлекетке қайтарылғанын хабарлаған болатынбыз.
Махамбет аудандық прокуратурасы Бейбарыс ауылдық округі әкімінің «Первомайский» ЖШС-ға понтонға орнатылған су насосы стансасын тендер өткізбей, сенімгерлікке бергенін анықтады. Осыған байланысты округ әкімі мен есепшісі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ, Атыраудағы мұнай компаниясына 13,6 млрд теңге айыппұл салынғанын жазған едік.
«Каспий нефть» АҚ-ның 2021-2022 жылдары бұрғылау және кен орнын пайдалану кезінде 4500 тоннадан астам қауіпті қалдықтарға жинақталу лимитін алмаған. Прокурордың ұсынысымен Атырау облыстық соты сот алқасының 2 шілдедегі қаулысымен «Каспий нефть» АҚ-ға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 328-бабымен 13 684 868 730 теңге айыппұл салынды.