Атырау облысында Сарайшық ауылынан адам сүйектері табылды

Фото: ҚР Үкіметі

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысының Махамбет ауданында Жайық өзенінің жағасына бөгет тұрғызу үшін топырақ алу кезінде адамның 12 бас және 26 өзге сүйегі табылды. 

«Сарайшық» музей-қорығының директоры Мұхтар Әбілсейіттің айтуынша, құзырлы органдардың мамандары тергеу алды тексеру жұмыстарын бастаған.

«Сарайшық қалашығының орнынан археологиялық қазба кезінде, Сарайшық ауылының маңында да адам сүйектері жиі табылады. Өйткені, ортағасырлық Сарайшықта үлкен қорым бар. Қазір Жайық өзенінің жағалауында мыңдаған адам бөгет соғу кезінде де адам сүйектері табылып отыр. Әдетте, мұндай хабар жеткен бойда мамандар тиісті жұмыстарын атқарып, сүйекті ұлттық салт-дәстүрге сай қайта жерлеуді жүргізеді», - дейді Мұхтар Әбілсейіт.

Облыстық жедел штабтың мәліметінше, Атырау облысында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялануына байланысты тасқын суға қарсы бөгет салынып жатыр. Бұл жұмыс Жайық өзенінің жағалауында орналасқан Махамбет, Индер аудандарында, Атырау қаласына қолға алынған.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында төтенше жағдай жарияланғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов тұрғындар өміріне қауіп төнсе, алдын ала хабарланатынын айтқан еді.

Кейін Жайық өзенінің суы Атырау қаласына қай тұстан кіруі мүмкін екенін хабарлаған едік