Атырау облысында су тасқыны кезінде 26 мыңнан астам адам эвакуацияланды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында 1 сәуірден бері тасқын су қаупінен 26 467 адам эвакуацияланды. Оның ішінде 5 976 бала бар.

Фото: Видеодан кадр/ТЖМ

Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының мәліметіне сүйенсек, Құлсары қаласында 2 810 тұрғын үй және инфрақұрылымдарды су басқан.

«Қазір Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласында тасықан судан қорғайтын бөгетті нығайту жұмысы жалғасып жатыр. Оған жергілікті атқарушы органнан 1 135-ге жуық, төтенше жағдайлар, полиция департаменттерінің, әскери бөлім қызметкерлері, 4640 еріктілер мен тұрғындар жұмылған. Бұл жұмысқа 204 техника, 6 жүзу құралы, 4 мотопомпа тартылған. Тасқын суға қарсы құм толтырылған 46 352 қап, 174 372 тонна инертті материал төселді», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.

Құлсары қаласына көмекке Маңғыстау, Алматы, Ақтөбе облыстары төтенше жағдайлар департаменттерінен 130 қызметкері 8 техника, 11 жүзу құралы және 17 мотопомпамен көмекке келген.

«Атырау облысында 1-6 сәуір аралығында тасқын су қаупінен 26 467 тұрғын эвакуацияланды. Оның ішінде 5976 бала бар. Эвакуацияланған тұрғындар қабылдау пунктеріне орналастырылды», - деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын тасқын су Құлсары қаласына кіре бастағанын хабарлаған болатынбыз.

Атыраудағы Құлсары қаласынан 12 мыңнан астам адам эвакуацияланды.

Сондай-ақ, Атырау облысында эвакуациялау үшін 15 мың орын дайындалғанын жазған едік.