Атырау облысында су тасқынынан зардап шеккендерден 226 өтініш түскен
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында су тасқынынан зардап шеккендерден 226 өтініш түскен.
Атырау облыстық кәсіпкерлік және индустриялық даму басқармасының бөлім басшысы Сәттіғұл Сабыровтың мәліметіне сүйенсек, залалды өңірлік комиссия бағалайды.
«Табиғи сипаттағы су тасқынынан Жылыой және Қызылқоға аудандарының нысандары зардап шекті. Оның ішінде шағын және орта кәсіпкерліктің нысандары бар. Қазір су тасқынынан зардап шеккендерден 226 өтініш түсті. Оның ішінде дүкендер мен наубайханалардың, жылыжайлардың иелері бар. Ал, басым бөлігі шаруа қожалықтарының жетекшілері болып отыр. Қазір су тасқынынан бизнес иелеріне келтірілген залалды бағалау үшін өңірлік комиссия құрылып жатыр. Бұл комиссия жақын арада бағалау жұмысын бастайды», - деді Сәттіғұл Сабыров.
Оның айтуынша, бүгін, 22 сәуірде Жылыой ауданында кеңес беру орталығы жұмысын бастады. Бұл орталықта зардап шеккендерге өңірлік комиссияға жүгіну үшін қандай құжаттар тапсыру қажеттігі жөнінде кеңес беріледі.
Еске сала кетелік, бұған дейін Жылыой ауданында 1866 отбасы бір реттік әлеуметтік көмек қаржысын алғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ, тасқын су басқан Құлсарыда «Сергек» камералары 4 сәуірден бері өшіріліп тұрғанын хабарлаған едік.