Тасқын су басқан Құлсарыда «Сергек» камералары 4 сәуірден бері өшіріліп тұр

камеры «Сергек»
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

АТЫРАУ. KAZINFORM – Тасқын су басқан Құлсарыда «Сергек» камералары 4 сәуірден бері өшіріліп тұр.

Атырау облыстық полиция департаменті әкімшілік тактика бөлімшесінің басшысы Ғарифолла Тайшыбаевтың айтуынша, Жылыой ауданында «Сергек» камераларының жұмысы тоқтатылған. 

«Құлсары қаласында «Сергек» бақылау камералары 4 сәуірде өшірілді. Содан бері қалада ешқандай құқық бұзушылық тіркелген жоқ. «Кибер-шериф» қондырғысы бар автокөліктер Құлсары қаласының сыртындағы тасжолдарда қауіпсізікті қадағалап жүр. Төтенше жағдай кезінде тіркелген айыппұлдар тұрғындардың шағым беруі арқылы кері қаралатын болады. Айыппұл төлеу туралы нұсқама көрсетілген мекенжайға ұсынылады. Тұрғындар шағымын, жылдамдықты қандай қажеттілікке байланысты асырғанын дәлелдейтін құжаттарды ұсынуы қажет. Мысалы, бала-шағасын эвакуациялық пунктке шұғыл жағдайда апарған болуы мүмкін. Сол мекенжай бойынша сұраныс беріліп, маршруттың сәйкестігі тексерілген соң шешім қабылданады», -деді Ғарифолла Тайшыбаев. 

Оның айтуына қарағанда, қазір Жылыой ауданында жол жүру қағидасы бойынша құқық бұзушылықты автоматты түрде тіркейтін камералар өшірілген. Ал, бейнебақылау жағдай тұрақталғаннан кейін қосылады.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Жылыой ауданында 1866 отбасы бір реттік әлеуметтік көмек қаржысын алғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар