Атырау жүргізушілері бірнеше күннен бері көлікке газ құю қиындағанын айтып жатыр. Автокөліктер газ құю стансасында сағаттап кезекте тұрған.
Осыған байланысты облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы түсінік берді.
– Атырау мұнай өңдеу зауытының технологияларына 1 қазаннан бері жоспарлы тексеру жүргізіліп жатыр. Сол себептен, Энергетика министрлігінің жеткізу кестесіне сәйкес Атырау облысының ішкі нарығына қазан айына «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-дан 5263 тонна сұйытылған газ бөлінді. Бөлінген көлем теміржол арқылы тасымалданады. Қазір газбен жабдықтау мекемелері тиісті құжаттарды ресімдеді. Алғашқы 11 теміржол цистернасымен 396 тонна сұйытылған газ 7-8 қазан аралығында жеткізіледі. Газдың қалған бөлігі кестеге сәйкес тасымалдау көзделіп отыр, - деп хабарлады облыстық басқармадан.
Атырау мұнай өңдеу зауыты қоғаммен байланыс бөлімінің мәліметінше, жоспарлы тексеру қарашаға дейін созылады.
– Тексеру жұмыстары басталғанға дейін зауыт резервуарларында мұнай өнімдерінің қоры жинақталды. Резеруарларда 36 мың тонна автобензин, 32 мың тонна дизель отыны, 7,4 мың тонна әуе отыны бар. Қазан айында қосымша 16 мың тонна автобензин, 28 мың тонна дизель отынын өндіру жоспарда бар, - деп мәлім етті қоғаммен байланыс бөлімі.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау мұнай өңдеу зауытының жұмысы 1 қазанда тоқтатылатынын хабарлаған болатынбыз.