Атырау облысында жеңіл көлік аударылып, жүргізуші оқиға орнында мерт болды

Фото: Атырау облысының полиция департаменті

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысындағы Мақат ауданының аумағында жеңіл көлік аударылып қалды. Жол апатының салдарынан жүргізуші оқиға орнында көз жұмды.

Атырау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, жол-көлік оқиғасы бүгін, 20 қарашада таңғы сағат 05:30 шамасында болған. 

«Ақтөбе-Атырау-Ресей Федерациясының шекарасы» бағытындағы жолдың 480-шақырымы Subaru Legacy маркалы автокөлігі аударылды. Көліктің аударылуына 46 жастағы жүргізушінің рульді игере алмағаны себеп болған. Жол-көлік оқиғасының салдарынан жүргізуші түрлі дене жарақатын алды. Алайда, ол оқиға орнында қайтыс болды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі. 

Қазір Мақат аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жол апатына байланысты тиісті іс құжаттарын жинақтап жатыр. 

Баспасөз қызметінің мәліметінше, патрульдік полиция қызметкрелері жол апатының алдын алу үшін ұдайы бақылау жүргізеді. Соған қарамастан, жүргізушілер полицейлердің ескертуін елемейді. 

«Жыл басынан бері еліміздің батыс аймағында 219 адам жол апатынан қаза тапты. Осы өңірлерде 250-ден астам малды көлік қақты. Осындай жол апатына алдағы көліктен озу қағидасын бұзу себеп болып отыр. Сол себептен, жүргізушілерге жол ережесін қатаң сақтауды ескертеміз», -деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметі. 

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда жыл басынан бері жол апатынан 73 адам мерт болып, 858-і жарақат алғанын жазған едік. 

Сондай-ақ, Атырауда жыл басынан бері көлік рөліне отырған 732 мас жүргізуші ұсталды