Атырауда жыл басынан бері жол апатынан 73 адам мерт болып, 858-і жарақат алған
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында жыл басынан бері жол апатынан 73 адам көз жұмған. Ал, 858 адам түрлі дене жарақатын алған.
Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жыл басынан бері 600-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелген.
«Атырау облысында жол бойындағы көлік апатының бірнеше себебі анықталып отыр. Біріншіден, жүргізушілер жылдамдықты шамадан тыс асырады. Екіншіден, жолдың қарсы бағытындағы жолаққа шығады. Үшіншіден, маневр жасау ережелерін қатаң сақтамайды. Жыл басынан бері осындай себептердің салдарынан 600-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелді. Оқиғалардың салдарынан 73 адам көз жұмды. Ал, 858 адам түрлі дене жарақатын алды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Өңірлік департамент жол-көлік оқиғасының көбеюіне байланысты 11-17 қараша аралығында «Жол жүрісі қауіпсіздігі апталығы» акциясын өткізіп жатыр.
«Бұл акцияны өткізудегі басты мақсат – жүргізушілерге жолда жүру ережесін қатаң сақтауды ескерту, жол-көлік оқиғасының алдын алу. Патрульдік полиция қызметкерлері көлік жүргізушілердің қателікке ұрынбағанын, өздерімен бірге жолаушылардың діттеген жерге аман-есен жеткенін қалайды», - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында екі күнде жол қозғалысы ережесі 2184 мәрте бұзылғанын хабарлаған едік.