Атырау облысында жыл басынан бері өмірге келген 10,5 мың сәбидің 482-сі шала туған

Фото: Фото: gov.kz

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысында жыл басынан бері 10 мың 522 сәби өмірге келген. Оның ішінде шала туған 482 нәресте бар.

Атырау облыстық перинаталдық орталығы жансақтау бөлімінің неонатолог дәрігері Аслан Мұқановтың айтуынша, биыл шала туу көрсеткіші төмендеген. 

«Былтыр 11 мың 326 сәбидің 502-сі мерзімінен бұрын дүниеге келген еді. Ал, биыл өмірге 10 мың 522 нәресте дүниеге келді. Оның арасында 482 сәбидің шала туғаны тіркелді. Мерзімінен бұрын туған сәбилердің күтімі ерекше болуы қажет. Қазір перинаталдық орталықтың жансақтау бөлімінде 10-ға жуық сәби жатыр. Шала туған нәрестенің бірінің салмағы өте жеңіл — 690 грамм», — дейді Аслан Мұқанов.

Оның дерегіне қарағанда, перинаталдық орталықта 25 неонатолог бар. Олар шала туған нәрестелердің денсаулығын ұдайы бақылауға үлес қосып жүр.

«Жалпы 22 аптада 500 грамм салмақпен дүниеге келген сәбилер шала туған болып есептеледі. Бірақ, бұдан аз салмақпен өмірге келетін нәрестелер кездеседі. Мәселен, бірнеше жыл бұрын Атырау облыстық перинаталдық орталығында бір сәби жарты келіге жетпейтін 450 грамм салмақпен өмірге келді. Біз нәрестенің қатарға қосылуы үшін қолдан келген көмегімізді аямадық. Қазір оның жасы — 13-те», — деп мәлім етті Аслан Мұқанов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында үшем дүниеге келгенін жазған едік. 

Сондай-ақ, Атырау облысында «Аңсаған сәби» бағдарламасымен 54 ана сәби күтіп жүргенін хабарлаған болатынбыз.