Атырау облыстық полицей департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, бес жасар бала кеше, 19 қыркүйекте жоғалып кеткен.
«Аққыстау ауылының тұрғыны жергілікті уақытпен сағат 17:48 шамасында аудандық полиция бөліміне жүгініп, 20 минут бұрын 5 жасар ұлының жоғалып кеткені туралы хабар берді. Тәртіп сақшылары жедел іздестіру жұмыстарын жүргізді. Сол кезде баланың дауысы тұрғын үй ауласындағы кәріз құдығынан шыққан. Кәріз құдығына түсіп кеткен 5 жасар аман-есен шығарылды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Жергілікті дәрігерлер балақайға жан-жақты тексеру жүргізді.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда бесінші қабаттан құлаған 4 жасар бала көз жұмған еді.
Көпқабатты тұрғын үйдің 5-қабатынан 2019 жылғы бала құлап кеткен. Балақай әртүрлі дене жарақатының салдарынан есін жимастан оқиға орнында қайтыс болды.
Белгілі болғандай, балақайдың ата-анасы Атырау қаласының Махамбет көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйде тұрады.
Сондай-ақ, жыл басынан бері 7 бала жоғарғы қабаттан құлап, екеуі мерт болғанын жазған едік.