Атырау облысындағы 153 ауылдың 132-сі ғана интернет желісімен қамтылған

Фото: Shutterstock.com

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында 153 ауыл бар. Оның ішінде 132 елді мекен интернет желімен қамтылып отыр.

Атырау облыстық цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Алмас Көпжановтың айтуынша, қазіргі кезде өңір тұрғындарын интернетпен қамту үлесі 99,6%-ды құрайды. 

– Атырауда 5G технологиясы бойынша интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ететін 108, Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласында 6 базалық станция бар. Ал 132 ауылда талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтылды. Бұл ауылдарды интернет желісіне кең жолақты қолжетімділікті қамтамасыз ету жобасына сәйкес орнатылды. Енді «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 38 елді мекенге талшықты-оптикалық интернет желісін жүргізу, облыстық және республикалық маңызы бар жолда үздіксіз байланыспен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Соған сәйкес автомобиль жолдарына мобильді кең жолақты интернетпен қамту үшін цифрлық инфрақұрылым салынады. Трансмиссиялар орнатылып, электр энергиясы жеткізіледі, - деп хабарлады Алмас Көпжанов. 

Оның дерегіне қарағанда, бұл жоспарды іске асыру мақсатында «КСЕЛЛ» АҚ және аудан әкімдіктерінің мамандарымен бірге республикалық автомобиль жолдарында антенналық-діңгектік құрылым қондырылатын орындар қосымша зерделенген. 

– АДҚ орнату орындары нақтыланып, талшықты-оптикалық байланыс желісі мен электр энергиясын қосуға техникалық шарттар алынды. Жұмысты жеделдету үшін 5 АДҚ құрылысына жобалық-сметалық құжатын әзірлеуге демеуші компаниямен меморандум жасақталды. Жобалық-сметалық құжатқа сараптамадан оң қорытынды алынды, -деп мәлім етті Алмас Көпжанов.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысына 7 мың тоннадан астам сұйытылған газ жеткізілгенін хабарлаған едік.