Атырау соты 20 жыл бойы жерді пайдаланбаған тұрғынның құқығын қорғаудан бас тартты

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау тұрғыны 20 жыл бұрын жер учаскесін мақсатына сәйкес пайдаланбай келген. Кейін әкімдік оған жер учаскесін пайдалану мерзімін ұзартудан бас тартқан.

Фото: freepik.com

Б-ға 2003 жылдың қыркүйегінде жер учаскесі уақытша пайдалануға берілген. Ал 2018 жылдың ақпанында жер пайдалану мерзімі 2 жылға ұзартылған. Бұл мерзім 2020 жылдың ақпанында аяқталған.

Осыған байланысты Б. 2023 жылдың тамызында жер пайдалану мерзімін ұзарту туралы өтініш берген. Жер комиссиясының дәлеліне сүйенген әкім мерзімді ұзартудан бас тартқан.

Бұл шешіммен келіспеген азамат Б. сотқа жүгінді. Ол жер комиссиясының шешімі мен әкімнің қаулысын даулап, жер пайдалану құқығын ұзартуды міндеттеуді сұрады. Алайда екі инстанция соты бұл талапты қанағаттандырудан бас тартқан.

Мұның себебін Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Анаргүл Салихова төмендегіше түсіндірді.

– Талап қоюшының талабын қанағаттандырудан бас тартуға негізгі себеп – Жер кодексінің 37-бабының 2-тармағындағы талаптардың сақталмауы. Жер пайдаланушы жалға алу шарты мерзімінің аяқталуына 3 ай қалғанда уәкілетті органға оны ұзарту туралы жүгінуге тиіс. Алайда талап қоюшы 3 жыл 6 ай кеш жүгінген. Талап қоюшы жерді нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланғанын дәлелдейтін құжаттар ұсынбаған. Учаскені тексеру кезінде «сатамын» деген жазу анықталған. Жер алғаш берілгеннен бері 20 жылдан астам мерзім өткен. Осы мерзім ішінде талап қоюшы жерді игермеген, - дейді Анаргүл Салихова.

Екі инстанция соты осы фактілерді ескеріп, ҚР Азаматтық кодексінің 8-бабына сәйкес талап қоюшының құқықтарын қорғаудан бас тартты.

Талап қоюшы кассацияға жүгінген жоқ. Сот актісі заңды күшіне енді.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау соты уәдесінде тұрмаған тұрғынға 2,9 млн теңгені төлеуді міндеттеген болатын.