Атырау университетінің студенттеріне Гейдар Алиев атындағы стипендия берілді
АТЫРАУ. KAZINFORM – Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің 5 студенті Әзербайжан Республикасының бұрынғы президенті Гейдар Алиев атындағы халықаралық стипендияға ие болды.
Стипендияны студенттерге Әзербайжан Республикасының Ақтау қаласындағы бас консулы Айхан Сулейманлы тапсырды.
– Жыл сайын екі елдің әріптестік, ынтымақтастық байланысы нығайып келеді. Өйткені, бауырлас елдердің ұқсас құндылығы көп. Халықтарымыздың мәдениеті мен руханияты, тарихы да ортақ, - дейді Айхан Сулейманлы.
Биыл халықаралық стипендияны иеленген студенттің бірі – Диана Мұқашева гуманитарлық ғылымдар және өнер факультетінде оқиды.
– Әзербайжан халқының тұлғасы Гейдар Алиев атындағы шәкіртақыны алғаныма қуаныштымын. Бұл – мен үшін күтпеген әрі ерекше сәт, -дейді ол.
Сондай-ақ, аталған стипендия көптілді білім беру факультетінің студенті Әйгерім Айбосынова, жаратылыстану факультетінің студенті Арсен Қазалиев, экономика және құқық факультетінің студенті Айзада Сабидуллина мен инновациялық білім беру факультетінің студенті Томирис Даниярға берілді.
Университет ректоры Саламат Идрисовтің айтуынша, осы кезге дейін оқу орнының 60-тан астам студенті аталған спиденияны иеленген.
– Қазақстан мен Әзербайжан – тарихи тамыры тереңге жайылған достас елдер. Алдағы уақытта әзірбайжандық жоғары оқу орындарымен студент алмасып, оқытушы-профессорлардың біліктілігін аттыру, қос дипломды білім беру бағдарламаларын енгізу сынды маңызды жұмыстарды бірлесе атқарамыз, -дейді Саламат Идрисов.
Еске сала кетелік, бұған дейін Әзербайжанда өтетін III ТМД ойындарының бойтұмары көрсетілгені хабарланған еді.