«Атырау» волейбол клубы қатарынан екінші рет жеңіске жетті
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Павлодар қаласында волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында өтіп жатқан XXXIII Қазақстан чемпионатының екінші турында «Атырау» жеңісті жолын жалғастырды.
Кеше ел чемпионы «Таразды» 3:2 есебімен тізе бүктірген атыраулықтар (бас бапкері Деян Вуличевич) бұл жолы «Буревестникке» (Алматы) қарсы келді.
Игорь Никольченко жаттықтыратын алматылықтар осыған дейін «Жетісу», вице-чемпион «Павлодар» және «Тараз» командаларының сағын сындырған еді.
Бұл жолы атыраулықтар 5 партияға созылған тартысты матчта жеңісті жұлып алды – 3:2 (20:25, 25:17, 28:26, 25:27, 15:13). Ойын барысында Нұрасыл Жамбылов доп беруде үш эйспен көзге түссе, ресейлік Иван Никишин «Атырау» сапында алғаш рет өнер көрсетті.
Тағы бір осындай бәсеке «Тараз» бен «Есіл» (СҚО) клубтарының арасында өтті.
Солтүстікқазақстандықтар «Таразды» сүріндіріп кетті – 3:2 (23:25, 25:23, 18:25, 25:22, 15:10).
«Есіл» 11 ұпаймен турнир кестесінде жетінші, «Атырау» (10 ұпай) сегізінші орында келеді.
Алаң иелері «Павлодар» көш соңындағы «Ұшқын-Көкшетаудың» меселін қайырды – 3:1 (25:21, 26:24, 21:25, 25:19).
Командалар сәрсенбі күні демалып, бейсенбіде қайта кіріседі. 26 желтоқсанға «Ұшқын-Көкшетау» - «Тараз», «Есіл» - «Буревестник», «Жайық» - «Жетісу», «Ақтөбе» - «Павлодар» матчтары белгіленген.
Оралдықтар 25 ұпаймен көш бастаса, «Жетісу» (24 ұпай) екінші, «Павлодар» (22 ұпай) үшінші сатыда тұр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан ел чемпионатында «Жетісудың» ақтөбеліктерге есе жібергенін жазған болатынбыз.