Атырау облысы әкімінің орынбасары Марат Мурзиевтің айтуынша, тұрғындар тарапынан жаңа стадионның қажетті туралы ұсыныс берілген.
«Әлеуметтік желі арқылы да, арнайы кездесулерде де спорт сүйер қауым жаңа стадион қажеттігі жөнінде талап-тілектерін жиі айтып келеді. Осыған орай айтарым, биыл шаһарда халықаралық талаптарға сай 12 мың орындық жаңа стадионның жобасын бастауды жоспарлап отырмыз. Жобаның тапсырыс берушісі – облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы. Стадион Атырау қаласындағы «Аламан базары» маңынан бой көтереді», -деп хабарлады Марат Мурзиев.
Оның айтуына қарағанда, қазір аталған құрылыс нысаны бойынша жобалау-сметалық құжаттама жасауға тендерлік рәсім жүргізіліп жатыр. Жаңа нысан құрылысына 7,7 гектар жер телімі бөлінген. Ғимараттың жалпы ауданы – 35 мың шаршы метр.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда «Жайлы мектеп» бағдарламасымен 12 білім ордасы салынып жатқанын хабарлаған болатынбыз.