«Жайлы мектеп»: Атырауда 12 білім ордасы салынып жатыр

Жайлы мектеп
Фото: Атырау облысының әкімдігі

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 12 білім ордасының құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде былтыр 9, биыл 3 мектептің құрылысы басталған.

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің мәліметінше, білім ордалары мұнайлы шаһардағы Береке, Сарыөзек, Жұлдыз-2, Жұлдыз-3, Ақсай және Водников елді мекендерінде салынып жатыр. 

Жайлы мектеп
Фото: Атырау облысының әкімдігі

«Мемлекет басшысы әр оқушының сапалы білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасауды тапсырды. Осы мақсатта қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында білім ошақтары ауылда да, қалада да жаңа бірыңғай стандарт бойынша салынады. Жаңа нысандар пайдалануға берілгенде, өңірдегі үш ауысымды және апатты мектептер жойылады. Сондықтан, құрылыс сапалы жүргізіліп, уақытылы аяқталуы тиіс», - деді Серік Шәпкенов. 

жайлы мектеп құрылысы
Фото: Атырау облысының әкімдігі

Әкімнің айтуына қарағанда, жаңа мектептердің құрылысы биыл аяқталады. Жаңа оқу жылында пайдалануға берілгенде, 12 мектепте екі кезеңде 24 мың оқушы білім алады.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда балабақшадан орын алу кезегінің бірыңғай базасы іске қосылғанын хабарлаған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар