Атырауда балабақшадан орын алу кезегінің бірыңғай базасы іске қосылды

балабақша
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырауда балабақшаға кезекке тұру, орын бөлу мен есепке алудың бірыңғай базасы іске қосылды. Енді ата-аналар бірден 4 балабақшаны таңдай алады. 

Атырау облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Орынтай Биманованың айтуынша, балабақша және бос орын туралы ақпарат бірыңғай базасы аясында электронды үкіметтің порталындағы картада орналастырылады. Ата-анаға картадан өз үйіне, не жұмысына жақын орналасқан балабақшаны таңдау мүмкіндігі қарастырылған. 

«Елімізде балабақшалардан орындарды бөлу кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелін жою мақсатында жолдама берудің, кезектілік пен есепке алудың бірыңғай базасы әзірленді. Енді балабақшадан орын алу айтарлықтай жеңілдейді. Орынды бөлудің ашықтығын қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау мақсатында SMS-хабарламалар жолданады. Жеңілдігі бар екенін растау үшін қағаз түріндегі анықтамалар жинаудың қажеті жоқ. Бұл мәліметтер мемлекеттік деректер базасынан автоматты түрде алынады. Балабақшаны таңдағаннан кейін кезек нөмірі беріледі. Бұл туралы ата-анаға хабарлама жіберіледі. Отбасында екі, не одан көп бала болса, оларды бір балабақшаға беру мүмкіндігі бар», - деді Орынтай Биманова.

Оның айтуына қарағанда, өтініш берудің бірнеше тәсілі ұсынылған. Бұл — электронды үкімет порталы, екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары, жергілікті атқарушы органдардың платформалары. 

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атыраудағы 4 мектептің асханасында құжаты жоқ еттен ас әзірленгенін хабарлаған едік. 

Соңғы жаңалықтар