Атырау облыстық Әділет департаменті басшысының орынбасары Гүланда Қыстаубаеваның айтуынша, борышкерлердің мүлкін анықтау үшін бірлескен рейд өтіп жатыр.
«Рейдтің мақсаты – атқарушылық құжаттардың мәжбүрлеп орындалуын жүзеге асыру. Алимент төлемінен жалтарып жүрген борышкерлерді іздестіріп, олардың мекенжайын, мүліктерін анықтауға назар аударылады. Әкімшілік айыппұлды өндіруге байланысты орындауға 14 мың құжат түсті. Оның ішінде Полиция департаментінің 12 мың қаулысы бар. Рейдтің алғашқы күнінде 7 автокөлік арнаулы тұраққа қойылды. Көлік иелерінің 3 млн теңгеден астам қарыз екені анықталды», -дейді Гүланда Қыстаубаева.
Оның айтуына қарағанда, алимент төлемеген және мемлекетке қарызы бар борышкерлердің автокөліктері берешегін өтеу үшін сауда-саттыққа шығарылуы мүмкін.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында 48 борышкер әйел балаларына алимент төлемегенін хабарлаған болатынбыз
Сондай-ақ, балаларына алимент төлемеген борышкерлер қамауға алынғанын жазған едік.