Тариф жыл сайын өзгеруі мүмкін
Филиал ұсынған жоба бойынша, газ тасымалдау тарифі алдағы бес жылда кезең-кезеңімен өсуі мүмкін. Атап айтқанда, 2027 жылы 1 000 текше метр үшін шекті тариф 9 202,14 теңге, 2028 жылы 10 479,97 теңге, 2029 жылы 12 147,61 теңге, 2030 жылы 12 779,51 теңге, ал 2031 жылы 12 937,25 теңге ұсынылған. Жалпы алдағы 5 жылдағы жалпы өсім 11520 теңгені құрауы ықтимал.
Жобада 2027–2031 жылдар кезеңіне арналған тарифтің шекті деңгейі 11 520 теңге деп көрсетілген. Бұл көрсеткіш пен жекелеген жылдарға ұсынылған тарифтерді ажырата қараған жөн.
Қоғам белсендісі шығындарды қайта қарауды ұсынды
Жария тыңдауға қатысқан қоғам белсендісі Балжан Досмұхамбетова тарифтік смета жобасындағы кейбір шығындардың бірнеше есе өскеніне назар аударды. Оның пікірінше, шығындардың бір бөлігін қайта қарап, азайту қажет.
– Мекеме көліктерді жалға алуды тоқтатып, оларды өз меншігіне сатып алуы керек деп есептеймін. Тұтынушылар көлікті жалға беретін басқа компанияның шығынын да тариф арқылы өтемеуі тиіс, – деді ол.
Филиалдың тарифтік сметасында 2027–2031 жылдарға көлікті жалға алуға 1,72 млрд теңге қарастырылған. Бұл шығындар да ұсынылған тарифті есептеу кезінде ескерілген.
Қоғам белсендісінің айтуынша, мұндай шығындарды қайта қарау тұтынушыларға түсетін тарифтік жүктеменің негізсіз өсуіне жол бермеуге көмектеседі.
Инвестициялық бағдарламаға 23,5 млрд теңгеден астам қаржы қажет
Филиал 2027–2031 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламаның жалпы құнын 23 млрд 571 млн теңге деп есептеген. Қаражаттың басым бөлігі газ тарату желілерін жаңғыртуға, реконструкциялауға және жаңа желілер салуға бағытталмақ.
Бағдарламада осы мақсаттарға 16,97 млрд теңге бөлу көзделген. Бұдан бөлек, диспетчерлік бақылаудың автоматтандырылған жүйесін жаңғыртуға 2,78 млрд теңге, өндірістік ғимараттар мен құрылыстарды жаңғыртуға 1,77 млрд теңге қарастырылған.
Сондай-ақ газ қысымын реттейтін шкафтарды ауыстыруға 665 млн теңге, газ тарату пункттерін жаңғыртуға 387 млн теңге, автокөлік пен арнайы техника сатып алуға 547 млн теңге бөлу жоспарланған. Жобалау-іздестіру жұмыстаына 362 млн теңге, негізгі құралдарды сатып алуға шамамен 95 млн теңге қарастырылып отыр.
QazaqGaz Aimaq АҚ Атырау өндірістік филиалының директоры Қайсар Рахметовтің айтуынша, кәсіпорын қала мен аудандардағы жалпы ұзындығы 6 150 шақырымнан асатын газ құбырын күтіп ұстайды.
– Осы газ құбырларын күтіп ұстау, әр үйге жылу беруді қамтамасыз ету үшін болат құбырларды полиэтилен құбырларына ауыстыру мәселесі бар. Сонымен қатар 11 мыңнан астам газ реттегіш шкафымыз бар. Олардың 70 пайызының тозығы жеткен, 15 жылдан астам уақыт пайдаланылып келеді. Оларды ауыстыру, өндірістік ғимаратты жөндеу, қызметкерлерге жағдай жасау және қауіпсіздік шараларын күшейту жоспарланған, – деді Қайсар Рахметов.
Қайсар Рахметовтің айтуынша, қазіргі уақытта жергілікті биліктің теңгерімінде ұзындығы 800 шақырым болатын газ құбыры бар. Бұған қоса, 1200 шақырым құбыр иесіз деп танылған.
- Қазір сот процесі жүріп жатыр. Егер сот шешімімен иесіз деп танылса ол құбыр әкімдіктің теңгеріміне беріледі. Жергілікті билік иелегіне алса бізге тапсыру жұмысы жүргізіледі. Тарифтік өтінімге осы қосымша 2 мың шақырым құбырды күтіп-ұстауға кететін шығынды енгіздік, - деп түсіндірді филиал басшысы Қайсар Рахметов.
Филиал мәліметінше, 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша кәсіпорын 156 236 абонентке қызмет көрсетеді. Оның ішінде 150 433-і – жеке тұрғын, 5 393-і – коммуналдық-тұрмыстық тұтынушы, 410-ы – өнеркәсіптік кәсіпорын.
Инвестициялық бағдарлама аясында Атырау қаласындағы Қазақ ауылы шағынауданында газ құбырын жаңғырту, Майлин және Уәлиханов көшелеріндегі желілерді реконструкциялау, Береке ауылына дейінгі газ құбырын жаңарту жоспарланған. Бұдан бөлек, Индер кентіндегі желілерді реконструкциялау, Орлы ауылында газ құбырын салу, Көктогай ауылындағы желілерді жаңғырту және Исатай ауданындағы Тұщықұдық газ тарату станциясынан Аққыстауға дейінгі болат құбырды полиэтилен құбырына ауыстыру көзделген.
Филиал автокөлік пен арнайы техниканы 2028–2029 жылдары сатып алуды жоспарлап отыр. Сонымен бірге өндірістік базаны күрделі жөндеуден өткізу және қызметкерлерді бір ғимаратқа орналастыру үшін әкімшілік ғимарат сатып алу қажеттігі көрсетілген.
Қазір Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті филиалдың өтінімі мен тарифтік сметасын қарауы тиіс. Нәтижесінде ұсынылған тарифтің, инвестициялық бағдарламаның және газдың бөлшек бағасына қатысты өзгерістердің қай бөлігі мақұлданатыны белгілі болады. Филиал жаңа тариф пен инвестициялық бағдарламаны бекіту туралы өтінімді департаментке 2026 жылғы 15 шілдеде тапсырған. Заңнамаға сәйкес, өтінімді қарау мерзімі – 90 жұмыс күні.
Бұған дейін Атырауда жылу бағасы 5 қазаннан бастап жаңа тарифпен есептелетінін жазған едік.