Атырауда жылу бағасы 5 қазаннан бастап жаңа тарифпен есептеледі
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда жылумен жабдықтау тарифі 5 қазаннан бастап 5 пайызға өседі. Тұрғындар үшін 1 Гкал жылу құны 5 347,79 теңгеден 5 615,18 теңгеге дейін қымбаттайды.
«Атырау жылу жүйелері» ЖШС-нің хабарлауынша, тарифтің өзгеруіне қызметкерлердің еңбекақысына жұмсалатын шығындардың өсуі, электр энергиясы құнының артуы және «Атырау жылу электр орталығы» ЖШС-нің жылу энергиясын өндіру тарифінің өсуі әсер еткен.
Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті тарифтік өтінімді қарау кезінде компания ұсынған шығындарға экономикалық талдау жүргізген.
Еске салайық, «Атырау жылу жүйелері» ЖШС бастапқыда тарифті 31 пайызға көтеруді ұсынған болатын. Алайда өтінішті қарау және шығындардың негізділігін талдау нәтижесінде тарифті төменірек деңгейде көтеру туралы шешім қабылданды.
- Қазіргі таңда компания қызметкерлерінің жалақысын өсіру және электр энергиясы бағасының өсуіне байланысты жеке тұлғалар үшін 5, заңды тұлғалар үшін 10, бюджеттік мекемелер үшін 16 пайызға өсіруге келістік. Ұлттық жоба бойынша қарастырылған шығындарды ескерген жоқпыз. Ол бойынша әлі талдау жүргізіліп жатыр, – деді ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің бөлім басшысы Жанар Дәрібаева.
Жаңа жылу тарифі 2026 жылғы 5 қазаннан бастап қолданысқа енгізіледі.
Сонымен қатар жуықта Атырауда электр энергиясының тарифі де өзгерді. Тұрмыстық тұтынушылар үшін электр энергиясын бөлшек саудада өткізу қызметінің бағасы кВт/сағатына 24,52 теңге мөлшерінде келісілген. Баға ҚҚС-сыз көрсетілген. Осылайша тариф 10 пайызға немесе 2,23 теңгеге өсті.
Департамент өкілінің түсіндіруінше, электр энергиясының тарифін бекіту кезінде тұтынушылар санаттары арасындағы жүктеме де ескерілген. Есесіне қалған шығын кәсіпкерлер мен бюджеттік мекемелердің қалтасынан өтеледі.
- Халыққа тарифті көтеру мәселесінде заңды тұлғалар мен бюджеттік мекемелерге де жүктеме қарастырылады. Мысалы, жеке тұрғындар үшін 10 пайызға, заңды тұлғалар үшін 25 пайызға, бюджеттік мекемелер үшін 61 пайызға дейін өсім бекітілді, – деді Жанар Дәрібаева.
Бұған дейін атыраулықтар электр энергиясы мен жылу тарифін көтеру ұсынысына қарсылық білдірді. Олар тарифті өсіруге негіз болған шығындардың толық әрі ашық көрсетілуін талап етіп, қызмет құны қымбаттағанымен, желілердің тозуы мен қызмет сапасына қатысты мәселелердің әлі шешілмегенін айтқан еді.