Атырауда алимент төлемеген 138 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысында жыл басынан бері алимент төлеуден жалтарған 138 борышкер әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Тағы 16 адамға қатысты қылмыстық қудалау басталды.

Коллаж: Kazinform

Облыстық прокуратураның мәліметінше, жауапқа тартылғандардың арасында жолаушы тасымалымен айналысқан, букмекерлік кеңселерде бәс тіккен және мүлкі бола тұра алимент төлеуден жалтарған азаматтар бар.

Сондай-ақ алимент өндіру туралы сот шешімдерінің орындалуын қамтамасыз етуге міндетті сот орындаушыларының жұмысы да тексерілді. Қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін 90 сот орындаушы тәртіптік жауаптылыққа тартылды.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде 200 миллион теңгеден астам алимент берешегі өндіріліп, бұл қаражатты 1 400-ден астам бала алған.

Айта кетейік, Атырау облысында алимент бойынша 4,8 млрд теңгеден астам берешек жиналған.