Атырау облысында алимент берешегі 4,8 млрд теңгеден асты

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында алимент бойынша 4,8 млрд теңгеден астам берешек жиналған. Қарызы бар 3 730 істің 1 311-і бойынша қаражат мүлдем өндірілмеген. Сонымен қатар, іздестіру жарияланған 169 борышкердің 132-сі бойынша ақпарат жоқ.

Алимент
Коллаж: Kazinform

Облыста 5 мыңнан астам баланың құқығы бұзылған 

Атырау облыстық Әділет департаментінің мәліметіне сәйкес, алимент өндіруге қатысты 11 267 атқарушылық іс бар. Оның 6 057-сі бойынша қаражат борышкерлердің жалақысынан тұрақты ұсталады, тағы 1 480 іс бойынша төлем ерікті түрде жүргізіледі. Ал қалған 3 730 іс бойынша берешек 4 млрд 848 млн теңгеден асқан.

Берешегі бар істердің 2 419-ы бойынша қаражат ішінара өндіріліп жатыр. Қалған 1 311 іс бойынша алимент мүлдем өндірілмеген. Бұл атқарушылық құжаттар 5 мыңнан астам баланың мүддесіне қатысты.

Борышкерлерге қолданылатын шаралар нәтиже бермей отыр

2026 жылдың алғашқы тоғыз айында алимент берешегі бар 177 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Олардың 69-ына айыппұл салынып, 87-сі әкімшілік қамаққа алынған, тағы 21 адам қоғамдық жұмысқа тартылған.

Сонымен бірге алты айдан астам уақыт алимент төлеуден қасақана жалтарған борышкерлерді қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесі де көтерілді. Құжатта полицияға осындай 36 ұсыныс жолданып, 21 жағдай бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркеу жүргізілгені көрсетілген. Төрт борышкерге қатысты қылмыстық іс сотта қаралып, бір адамға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған.

- Бос жұмыс орындары жәрмеңкелері өткізіледі. Есепті кезеңде бес жәрмеңке ұйымдастырылып, нәтижесінде 81 борышкер жұмысқа орналастырылды. Біздің басты мақсатымыз – балалардың лайықты өмір сүруіне және материалдық жағдайының жақсы болуына мүмкіндік жасау. Алдағы уақытта құқық қорғау органдарымен өзара ынтымақтастықты күшейту, берешекті өндіріп алу жұмыстарын жандандыру, сондай-ақ жеке сот орындаушыларының қызметіне бақылауды күшейту жоспарланып отыр, - деді Атырау облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Меруерт Музатова.

Іздеу жарияланған 169 борышкердің 132-сі бойынша ақпарат жоқ

Тағы бір мәселе – алимент төлеуден жалтарған азаматтарды іздестіру. Облыста 169 борышкерге іздеу жарияланғанымен, уәкілетті органның мәліметі бойынша, тек 37 іс бойынша іздестіру жұмыстары жүргізіліп, кейін қысқартылған. Қалған 132 іс бойынша ақпарат болмаған. Бұл жағдай борышкерлерді іздеу мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара үйлестірудің тиімділігіне қатысты сұрақ туғызады.

Жеке сот орындаушыларының жұмысында да олқылықтар анықталған. Мәселен, бір борышкердің алимент бойынша қарызы 16,4 млн теңгеден асса да, оның банктік шоттарына қатысты шектеулер алынғаны көрсетілген.

Мамандардың айтуынша, алимент өндіруге қатысты мыңдаған атқарушылық құжаттың бір жеке сот орындаушысының қарауына шоғырлануы істің уақытылы әрі сапалы орындалуына әсер етеді. Осыған байланысты құжаттарды орындаушылар арасында бөлу тәртібін қадағалау және олардың әрекетсіздігі үшін жауапкершілікті күшейту ұсынылды.

- Сот орындаушылардың жүктемесі жоғары екенін ескеру керек. Алайда жүктеменің көптігі – атқарушылық құжаттардың сапалы әрі уақытылы орындауынан босатпайды. Мәселен, жеке сот орындаушы Шариповтың орындауында жалпы сомасы 1 млрд 597 млн теңге құратын 886 атқарушылық құжат бар. Мұндай жүктеме жұмыс сапасына әсер етуі мүмкін, – деді Атырау қалалық прокуратурасының бөлім прокуроры Камила Кенжетай.

Жеке сот орындаушысы Мейрамбек Әжмұханбетов істің созылуына борышкерлердің табысын жасыруы негізгі себеп екенін айтты.

- Қазір борышкерлердің бейресми жұмыстарын анықтау қиындық тудырып тұр. Мәселен, құмар ойын ойнайтындар бар. Олар ақша салған уақытта, оны қайдан тапты, жалақысы бар ма, жұмысы бар ма - соны анықтау мәселеге екені рас. Әр борышкерді жауапқа тарту үшін табыс көзін анықтау керек болады, – деді жеке сот орындаушысы.

Мамандар мәселені шешу үшін борышкерлердің кірісі мен мүлкін анықтау жүйесін жетілдіру, мемлекеттік органдар мен банктердің ақпараттық жүйелерін өзара байланыстыру, іздестіру жұмысына бақылауды күшейту ұсынылды.

Бұған дейін Риддерде алимент төлемей жүрген борышкерлерден 15,6 млн теңге өндірілгенін жазған едік.