Атырауда аңшының өліміне қатысты қылмыстық іс тоқтатылды
АТЫРАУ.KAZINFORM — Атырауда 2025 жылдың 14 желтоқсан күні достарымен аңға шығып, 5 күннен кейін мүрдесі табылған 61 жастағы Өтебай Сабировтің өліміне қатысты қылмыстық іс тоқталды.
Атырау облыстық ПД баспасөз қызметі берген мәліметке сүйенсек, 1964 жылы туған ер адамның мәйіті зорлық-зомбылық белгілерінсіз табылған.
— Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаға байланысты жедел-тергеу іс-шараларының кешені жүргізілді. Тергеу шараларының нәтижесінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты қылмыстық іс тоқтатылды. Бұл шешім прокуратурамен бекітілді, — деп мәлімдеді ПД баспасөз қызметі.
Еске салайық, марқұм 14 желтоқсан күні қасындағы бірнеше азаматпен аңшылыққа шығып кеткен. Бір тәуліктен кейін зейнеткердің достары оның аң аулап жатқанда жоғалып кетті деп отбасына хабарлаған.
15 желтоқсанда сағат 23:00–де Атырау облысы ТЖД Жедел басқару орталығына хабарлама түскен. Ақпарат түскен сәттен бастап іздестіру-құтқару жұмыстары ұйымдастырылды.
ТЖД күштері мен құралдары, ҚР ҚМ 99245 әскери бөлімінің жеке құрамы, полиция департаментінің қызметкерлері және туыстарынан жалпы 100 адам, 21 техника, 2 кинологиялық есептоп іздестіру жұмысына жұмылдырылған еді.