Атырауда апатты деп танылған екі мектептің құрылысы қашан аяқталады

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласында бірнеше жылдан бері ұстаздар мен ата-аналарды алаңдатқан екі білім ордасының құрылысы жүріп жатыр. 1500 орындық үш тілде білім беретін мектептің іргетасы құйылып, қабырғалары көтеріліп жатса, апатты жағдайда тұрып, кейін бұзылған Михаил Ломоносов атындағы білім ошағына жаңа ғимарат салу үшін жер дайындалып жатыр.

Фото: видеодан алынған скрин

Үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған №30 мектеп-гимназия 2002 жылы пайдалануға берілген. 2021 жылы шатырдан су кетіп, ұжым мен оқушыларды, ата-аналарды әбігерге салған. 2022 жылы мектеп жабылып, қаланың бірнеше білім ошағында оқу процесін ұйымдастыру туралы шешім қабылданған. 2023 жылғы желтоқсанда «ZIGMUND» ЖШС ғимараттың техникалық жағдайына бағалау жүргізіліп, нысанды апат алдындағы жағдайда деп таныды. Кейін Атырау облысының Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының тапсырысы бойынша «TALAP Engineering» ЖШС қайталама техникалық зерттеу жүргізген. Зерттеу қорытындысына сәйкес ғимараттың физикалық тозуы көрсеткіші — 71,0%, моральдық тозуы — 83,6%. Нысанды қалпына келтіру немесе қайта жаңарту тиімсіз деп танылған. Кейін жауаптылар жаңа мектеп салу керектігі туралы шешім қабылдаған еді.

Биыл жазға қарай апатты ғимаратты бұзу басталып, бүгінде жаңа нысанның іргетасы құйылып, қабырғаларын көтеріп жатыр. Жұмыс жобалаудан бастап «кілт тапсыруға» дейінгі толық циклді қамтитын EPC-келісімшарт бойынша жүзеге асып жатыр. Қазір құрылыс алаңында 80-ге тарта жұмысшы мен 20 техника жұмыс істеп жүр. Жұмыс ауқымының кеңеюіне қарай олардың санын 200-ге дейін көбейту жоспарланып отыр. Атырау облысы әкімдігінің ақпаратына сүйенсек, ғимарат құрылысымен бірге сыртқы инженерлік желілерді тарту және аумақты абаттандыру жұмысы да жүріп жатыр. Осы аптада су желілерін тарту аяқталады, ал келесі аптада кәріз, жылу және газ желілерін жүргізуге кіріспек.

Білім нысаны «Келешек мектептер» стандартына сай салынып жатыр. Оқу кабинеттерімен қатар STEM-зертхана, робот техникасы және хореография кабинеттері, лингафонды-компьютерлік кабинет, акт және спорт залдары қарастырылған. Оқушыларға арнап асхана, демалыс аймақтары мен коворкинг кеңістіктер де жабдықталады. Қауіпсіздікті бейнебақылау жүйесі қамтамасыз етеді.

Мектеп жаңа оқу жылы басталған бойда шәкірт қабылдауы үшін құрылысты 2027 жылғы шілдеде аяқтау жоспарланған. Жоба құны 12 млрд теңгеден асады. Аймақ басшысы нысанды пайдалануға беруге қатысты техникалық мәселелерді алдын ала келісуді тапсырған. Нақтырақ айтқанда, Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесе жұмыс істеу және өрт қауіпсіздігі талаптарын уақытында орындау қажет екеніне ерекше назар аударды. Автотұрақ мәселесі де өзекті. Өйткені, мектептің қасында ірі компанияның ғимараты мен көпір орналасқан.

Атырау қаласындағы М.Ломоносов атындағы мектептің оқушылары 2 жылдан бері екі ғимаратта оқып жүр. Осы жылдың сәуірінде оқушылар мен ұстаздар сапалы білім процесін ұйымдастыруды талап етіп, әлеуметтік желі арқылы билік өкілдерінен мәселені тезірек шешуді сұраған еді. Өйткені бұл жоба туралы жиі айтылғанмен, құрылыстың басталуын халық тағатсыздана күтті.

Облыс әкімі Болат Ақшолақовтың айтуынша, жеке тұрғын үйге қатысты жағдайға және орын санының 900-ге дейін көбеюіне байланысты жобаны қайта қарауға, ғимарат орналасатын орынды өзгертуге және оның сыйымдылығы мен оқу процесіне қажетті жағдайларды сақтауға мүмкіндік беретін шешім іздеуге тура келді. Енді қайта сараптамадан өткізу қажет. Жалпы жоба құны – 7,9 млрд теңге.

- Мен тұрғындарға балалар 1 қыркүйекте жаңа мектепке келеді деп сөз бердім. Берген уәдеден бас тартпаймыз. Кеткен уақыттың орнын толтырып, қажет болса, бригадаларды күшейтуді және жұмыс сапасын бақылауды қамтамасыз етуіміз керек, - деді Болат Ақшолақов.

Бүгінде жобалау және жер жұмысы жүріп жатыр: жобалық-сметалық құжаттама 70, жер жұмысы 40, нысанның іргетасын қалау үшін жер қазу жұмыстары 70%-ға орындалған.

Мердігер ұйымның мәліметінше, топырақ зерттеліп, зертхана оң қорытынды берген. Ғимараттың іргетасын нығайту мақсатында тиісті инженерлік шешімдер мен су бұру жүйесі қарастырылған.

Ауданы 10 мың шаршы метрден асып жығылатын үш қабатты ғимаратта оқу кабинеттері, зертханалар, кітапхана, 216 орындық акт залы, асхана, шеберханалар және екі спорт залы болады. Бұдан бөлек, футбол, әмбебап спорт алаңдары, воркаут-аймақ және автотұрақ болады.

Екі білім ордасының құрылысы 2027 жылдың қыркүйегіне дейін аяқталып, жаңа оқу жылында ашылуы тиіс.

Бұған дейін үш жылдан астам уақыт бойы бос тұрып, тозған Атырау облыстық полиция департаментінің бұрынғы ғимараты қайта жаңғыртылып жатқанын жазған едік.