Атырауда әскери бағыттағы «Сармат» мектебінде тексеру жүріп жатыр
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырауда әскери бағытта білім беретін «Сармат» мектебінде қызметтік тексеру басталды.
Әлеуметтік желіде аталған мектеп-лицейдің тәрбиешісі оқушының бірін қорқытқаны туралы ақпарат тарады. Осыған байланысты Атырау облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі тексеру жүріп жатқанын хабарлады.
— Атырау облысындағы «Сармат» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатында 236 оқушы білім алады. Оқушыларға 39 мұғалім дәріс береді. Оқушылардың интернаттағы тәртібін 19 тәрбиеші қадағалайды. Оның ішінде 6 тәрбиеші түнгі кезекшілікте жұмыс істейді. Мектеп-лицей басшылығы мен оқушылардың ата-аналары арасында қол қойылған келісім бар. Аталған оқушы мектеп-лицейде бірнеше рет тәртіпсіздік жасап, ескерту алған. Оқушы мектепішілік есепке алынған. Бұл туралы ата-анасына ескертілген, — деп ақпарат берді басқарманың баспасөз қызметі.
Қазір оқушы ата-анасының арызына тергеу амалдары жүріп жатыр.
— Білім басқармасы оқу-тәрбие процесінің ұйымдастырылуына қатысты зерделеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оқушыға психологиялық көмек көрсетіледі, — деп мәлім етті басқарманың баспасөз қызметінен.
Еске сала кетелік, былтыр Атырауда әскери бағытта оқытатын «Сармат» мектеп-интернаты ашылғанын хабарлаған едік.