Атырауда балаға күш көрсеткен тәрбиешіге қатысты қылмыстық іс қозғалды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Индер ауданындағы «Балдәурен» балабақшасында тәрбиешінің бүлдіршінге күш көрсеткен сәті бейнежазбаға түсіп қалды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Фото: Видеодан алынған скрин

Әлеуметтік желіде Индер ауданындағы «Балдәурен» балабақшасы тәрбиешісінің бүлдіршінге күш көрсеткен сәті түсірілген видео тарады. Бейнежазбадан топтағы балалардың бірі туған күнін атап өтіп жатқаны байқалады. Осы кезде тәрбиеші бүлдіршіндерді үстел басына жинап, торттағы шырақты үрлеуге дайындаған. Балаларды ретке келтіру барысында тәрбиешінің бір баланы жұлқылап, күш көрсеткенін байқауға болады.

Облыстық білім беру басқармасы да оқиғаның мән-жайын анықтау бойынша тиісті жұмыс істеліп жатқанын, қорытындысы қосымша хабарланатынын мәлімдеді.

Еске салайық, жуықта Құрылтай депутаты Тәттігүл Талаева балабақшаларда үздіксіз аудиожазба жүргізуді ұсынған еді.