Атырау облыстық перинаталдық орталығы баспасөз қызметінің мәліметінше, былтыр 301 егіз дүниеге келген.
«Былтыр облыстық перинаталдық орталықта 7 863 бала жарық дүние есігін ашты. Оның ішінде 301 егіз бар. Егіздің бірі 2023 жылғы 31 желтоқсанда сағат 15:20-да өмірге келді. Орталықта 31 желтоқсаннан 1 қаңтар күнгі сағат 09:00-ге дейін 30 сәбидің дүниеге келгені тіркелді. Жаңа туған нәрестелердің 14-і қыз болса, ал 16-ы – ұл», - деді орталықтың баспасөз қызметі.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда дүниеге келген 20 миллионыншы сәбидің есімі Мұхаммад екенін жазған едік.
Берік Жұмағазиев пен Айдана Оразымбетованың отбасындағы тұңғыштың бойы – 54 см, салмағы – 3 660 грамм. Еліміздегі 20 миллионыншы тұрғын болып тіркелген сәбидің ата-анасына «Отбасы банк» АҚ облыстық филиалының директоры Нұржан Мұғалімов 2 млн теңгенің сертификатын табыс етті.
Оның айтуынша, бұл қаржыны баланың болашақтағы қажеттілігі үшін банк депозитіне салуға болады. Кейін бұл қаржыны Мұхаммадтың оқуына немесе баспана алуына пайдаланады.