Атырауда дүкенде вейп сату дерегіне қатысты қылмыстық іс қозғалды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда темекі өнімдерін сататын дүкеннен 28 вейп тәркіленді. Осы дерекке қатысты қылмыстық істі тергеу басталды.  

Фото: Polisia.kz

Атырау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл дерек «Учаске» жедел профилактикалық іс-шарасы кезінде анықталған.

«Елімізде биылғы 24 маусымда вейптерді сатуға тыйым салатын заңдылық күшіне енді. Осыған орай Атырау қаласындағы №1 қалалық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары құқық бұзушылықтың алдын алу, анықтау, жолын кесу мақсатындағы іс-шарасы кезінде вейптерді заңсыз сату фактісін анықтады. Полицейлер темекі өнімдерін сататын дүкеннен 28 дана тыйым салынған вейпті тәркіледі. Заңсыз электронды темекі сату дерегімен қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

ҚР Қылмыстық кодексінің 301-1-бабына сәйкес күдіктілерге 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұл салу, немесе 50 тәулік мерзімге қамауға алу түріндегі жауапкершілік қарастырылған.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда сұйытылған газ сақтайтын парктің 5,5 млрд теңгелік акциясы қайтарылғанын хабарлаған едік.