Атырауда электрлі көлік жүргізушілері 6 айда 105 жол апатын жасаған

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда электрлі көлік жүргізушілерінің кесірінен 6 айда жол-көлік оқиғасынан 53 адам жарақат алған. Ал, 5 адам мерт болған. 

Фото: Ақмола облысы ПД

Атырау қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының командирі Дәурен Насиполланың мәліметінше, 6 айда электрлі көлік жүргізушілері 105 жол апатын жасаған.

«Қазір скутер, мопед, электросамокат секілді электрлі көліктерді жүргізушілер тарапынан құқық бұзушылық фактілері жиі тіркеледі. Әсіресе, тұрғындар көп шоғырланатын орында самокат айдаған жасөспірімдер жол тәртібін жиі бұзады. Кәмелет жасына жетпей скутер, мопед тізгіндеп,тәжірибенің аздығынан қайғылы жағдайға душар еткен оқиғалар тіркеліп отыр. Электрлі көліктерді жүргізушілер 930 құқық бұзушылық жасады. Оларға әкімшілік хаттама толтырылып, 120-дан астам скутер, мопед арнайы тұраққа қойылды», - деп хабарлады Дәурен Насиполла. 

Патрульдік полиция батальонының аға инспекторы, полиция капитаны Азамат Нәжмеденовтің мәліметіне сүйенсек, 105 жол-көлік оқиғасынан 53 адам түрлі дене жарақатын алған. Ал, 5 адам қайтыс болған.

«Былтырғы 29 маусымда Жол қозғалысы туралы заңнамаға өзгерістер енді. Соған сәйкес скутер, мопед, самокат жүргізушілеріне талап күшейтілді. Олардың жолда жүру ережесін бұзғаны анықталған жағдайда ҚР Әкімшілік Құқық бұзушылық туралы кодексінің 127, 440, 620 және 593-бабына сай әкімшілік хаттама толтырылады», - деп мәлім етті Азамат Нәжмеденов. 

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда мопедпен көлікке соғылған 15 жасар жеткіншектің анасы айыппұл төлеген жазған едік.

Сондай-ақ, көлікке соғылған мопедтің жүргізушісі оқиға орнында мерт болды.