Атырауда ХҚО-да құқық қорғау органдары тергеу жүргізіп жатыр

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атыраудағы халыққа қызмет көрсету орталықтарының бірінде жер учаскелеріне қатысты операцияларға байланысты процессуалдық іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Тергеу аясында бірнеше қызметкерден түсініктеме алынып, электрондық құрылғылар тексеруге алынған.

Фото: gov4c.kz

Алдын ала мәлімет бойынша, байланыс құралдары тексеруге алынған азаматтар қатарында филиал басшысы, жылжымайтын мүлік пен жер учаскелерін тіркеумен айналысатын қызметкерлер бар. Тергеу әрекеттері куәгерлердің қатысуымен жүргізілген. Қызметкерлердің іс бойынша куә ретінде жауап беріп жатқаны белгілі болды. Тексеріс жер учаскелеріне қатысты ақпараттық жүйелердегі деректерге өзгерістер енгізу жағдайларына байланысты болуы мүмкін. Осы жағдайға байланысты «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы ресми түсініктеме берді.

— Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы аясында уәкілетті органдар тарапынан процессуалдық іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Мемлекеттік корпорация өз құзыреті шегінде уәкілетті органдарға тиісті жәрдем көрсетіп келеді. Аталған мәселе бойынша өзге ақпарат қазіргі уақытта жариялауға жатпайды, — деп мәлімдеді корпорацияның баспасөз қызметі.

Сондай-ақ мемлекеттік корпорация сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын ұстанатынын атап өтті. Ресми дерекке сүйенсек, осы жылдың алғашқы бес айында «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы құқықтық баға беру және процессуалдық шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына 23 материал жолдаған.

Бұған дейін ҰҚК Атырау қаласы әкімінің орынбасарына қатысты тергеу жүріп жатқанын растағанын жазған едік.