Атырауда жағажайлар ашылмаса да Жайыққа суға түсетіндер көбейген

Фото: Талғатжан Мұхаметбекұлы / Kazinform

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау қаласында жағажайлар әлі ашылған жоқ. Бірақ, Жайық өзеніне суға түсетін тұрғындар көбейіп тұр.

Осыған орай Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобы тұрғындарға судағы қауіпсіздік ережелерін сақтауды ескертті. 

— Атырау қаласының аумағындағы белгіленген жағажайлар ресми түрде ашылған жоқ. Қазір «Тұрғындар үй қалашығы» шағын ауданындағы «Малибу» жағажайы суға түсуге арналған арнайы орындардың талаптарына сәйкес дайындалып жатыр. Жағажай әлі толық дайын емес, талапқа сай емес. Сол себептен, тұрғындардан жағажай ресми түрде ашылмайынша, суға шомылудан бас тарту сұралады, — деп хабарлады департаменттің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобы.

Ал, Атырау қалалық қаржы бөлімі басшысының орынбасары Гүлжан Құлбаева 2 жағажайдың дайындалып жатқанын хабарлады. 

Оның бірі «Тұрғын үй қалашығы» шағын ауданындағы «Малибу» жағажайы. Ал екінші жағажай «Атырау» дене шынықтыру-сауықтыру кешені жанында орналасқан.

— Бұл жағажайлар 10 жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға беріледі. Жағажайлар бойынша ашық тендер жарияланды. Оның қорытындысымен «Малибу» жағажайын сенімгерлікпен басқару құқығы жеке тұлға Ахманов Жомартқа, ал, екінші жағажай «NA Pallet Group» ЖШС-ға берілді. Қазір жеңімпаз тараптармен жағажайларды сенімгерлік басқаруға беру жөніндегі келісімшарт жасақталып жатыр, — деп хабарлады Гүлжан Құлбаева.

Оның дерегіне қарағанда, келісімшарт жасақталған соң жағажайларды абаттандыру, ыңғайлы әрі қауіпсіз демалыс аймағы ретінде ашу көзделіп отыр. 

— Жобаның мақсаты — жағажайларды сенімгерлік басқаруға беру арқылы сапалы қызмет көрсету деңгейін арттыру, тұрғындар үшін жайлы әрі қауіпсіз демалыс орнын қалыптастыру. Екі жағажайдың түбі Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің сүңгуірлері тарапынан тексерілді. Қазір жағажай аумақтарында тазалау және көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шомылу маусымында жағажай аумағында санитариялық талаптарға сай жағдай жасалып, қауіпсіздік шаралары күшейтіледі. Демалушыларға қолайлы инфрақұрылым мен түрлі ойын-сауық орны ұсынылады, — дейді Гүлжан Құлбаева.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында шомылу маусымы қашан ашылатыны белгісіз екенін жазған болатынбыз. 

Кейін Атырауда Жайық өзеніне батып бара жатқан әйел құтқарылғанын хабарлаған едік.