Маңғыстау облысында болған қайғылы жағдайдан кейін Атырау қаласының кей тұрғындары әлеуметтік желі арқылы мұнайлы шаһардың туған күніне жоспарланған іс-шараларды өткізбеу туралы ұсыныс білдірген еді.
Жалпы қала күніне орай облыс орталығында түрлі бағыттағы 35-ке жуық іс-шара өткізу жоспарланған. Олардың арасында сан алуан форматтағы концерт, байқау, турнир мен концерт бар. Қала билігі алғашында дайындықтың бірнеше ай бұрын басталғанын айтып, іс-шараларды өткізбеу туралы мәселе қаралып жатқанын мәлімдеген еді. Бүгінде әкімдік бір шешімге келген.
— Ақтау қаласында болған қайғылы жағдайға байланысты Атырау жұртының да қабырғасы қайысты. Атырау қаласының күніне арналған барлық мерекелік іс-шара өткізілмейтінін хабарлаймыз. Қала тұрғындары мен қонақтарынан қабылданған шешімге түсіністікпен қарауды сұраймыз, — деп хабарлады Атырау қаласының әкімдігі.
Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев армия қауіпсіздігін күшейту бойынша бірқатар шешім қабылдағанын жазған едік.