Атырауда кәсіпкерлер үшін құқықтық алгоритм әзірленеді

Фото: Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында кәсіпкерлер үшін құқықтық алгоритм әзірленеді.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы жанындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес осындай шешім қабылдады. 

Өңірлік кәсіпкерлер палатасына жеке кәсіпкердің бірінен өтініш түскен. Кәсіпкердің айтуынша, қоғам белсенділері оның бутигіне келіп, үстінен полицияға арыз жазған.

«Олар сатушыдан санитарлық кітапшаны көрсетуді талап еткен. Сатушы бас тартты. Өйткені, олар уәкілетті органның өкілі емес. Соған қарамастан, сатушыдан өнімнің жарамдылық мерзімін, ондағы таңбалаудың бар-жоғын сұрап, видео түсірді. Содан соң полицияға арыз жазды. Кейін СЭС органынан маған 424 мың теңге көлемінде айыппұл салу туралы хабар келді. СЭС органдары тексеру жүргізбеді. Бірақ, жоғарыда аталған адамдар тобы ұсынған видео негізінде хаттама берді. Мұндай әрекет заңды ма?», - дейді кәсіпкер. 

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы Әлібек Семғалиевтың айтуына қарағанда, бұл – өздерін қоғам белсендісі немесе блогер деп атайтын адамдардың іс-әрекеті. Бизнес субъектілерінің құқықтарын бұзу бойынша алғашқы жайт емес.

«Мониторинг бар. Мұндай шағымдар өте көп. Қоғам белсенділері өз бетінше шығады. Бұзушылықтар анықталған жағдайда «102» қызметіне қоңырау шалып, полицейлерді шақырады. Біз кез-келген өтінішке жауап беруге міндеттіміз. Егер бізге қатысы бар бұзушылықтар мен дәлелдемелер болса, хаттама толтырамыз. Ал, басқа органдарға қатысты болса, соларға жібереміз. Кәсіпкерлер көбінесе өз құқықтарын білмейді. Блогерлер заңсыз тексереді. Олар тиісті органдарға хабарлауға тиіс. Тексеруді жүргізу үшін Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінен рұқсат алуы керек. Кәсіпкерлер құқығын бұзу белгілері болса, қарсы өтініш жазуға құқылы», -деді жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Ерлан Бигамбаев.

Атырау облысы бойынша Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі сектор меңгерушісі, өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Сәрсенбай Жолдыбаевтың пікірінше, бизнестің іс-қимыл алгоритмі әзірленеді. Бұл жұмысты Атырау облысының кәсіпкерлер палатасы жүргізеді.

Еске сала кетелік, Атырауда балабақшадан орын алу кезегінің бірыңғай базасы іске қосылғанын хабарлаған едік.