Жүргізушілер облыстық көлік прокуратурасына жиналып, өздеріне келген айыппұлдардың негізділігіне күмән келтірді. Олардың сөзінше, Бесікті ауылының маңындағы автоматты таразының маңында ескерту белгілері мен салмақ көрсететін табло орнатылмаған. Сонымен қатар, таразы тұрған жол бетінде жарықтар бар екенін айтады.
– Бесікті жақтағы таразыдан бәріміз өтіп шықтық. Таразы тұрған жерде асфальт жарылған, одан бөлек табло да, ескерту белгісі де жоқ. Жүргізушілерге 12-24 млн теңгеден, тіпті 45 млн теңгеге дейін айыппұл келіп жатыр. Біздің талабымыз – салмақты көрсететін табло мен бейнефиксация, – деді жүргізуші Самат Жолымбаев.
Тағы бір жүргізуші Иса Құдайбергеновтің айтуынша, айыппұлдар бірнеше күн бойы жинақталып, кейін бірден жолданады. Ал оларды төлеуге небәрі алты күн уақыт беріледі.
– Әрқайсымызға 10-12 млн теңгеден 55 млн теңгеге дейін айыппұл келіп жатыр. Оны төлеуге алты күн уақыт береді. Ең төменгі 12 млн теңгені осы мерзімде төлеу жүргізуші үшін оңай емес. Бізге таразының нақты көрсеткішін дәлел ретінде ұсынса дейміз. Қазір түнде түсірілген бейнежазбалар келіп жатыр, – дейді ол.
Ал Атырау өңірлік көлік прокуроры жүргізушілердің арыздары қабылданып, көтерілген мәселелер бойынша тексеру басталғанын мәлімдеді.
– Жүк көліктерінің жүргізушілерін қабылдап, талап-тілектерін тыңдадық. Арыздарын алдық. Қазір айтылған уәждердің барлығын тексереміз. Тиісті уәкілетті органдардың жұмысына құқықтық баға береміз. Кейін заңда белгіленген мерзімде жауап беріледі, – деді өңірдің көлік прокуроры Есболат Еділбаев.
Қазір жүргізушілер прокуратура жүргізіп жатқан тексерудің нәтижесін күтіп отыр. Олар автоматты таразының жұмысы мен салынған айыппұлдардың заңдылығын тексеріп, әрбір құқық бұзушылықтың нақты дәлелмен расталуын талап етеді.
Айта кетейік, бұған дейін Павлодарда жол бақылау камераларын қасақана бүлдірген ер адам ұсталғаны жөнінде жазған едік.