Атырау облыстық прокуратураның мәліметінше, бірнеше құрылыс компаниясының осындай заңсыз әрекеті анықталған.
«Атырауда «Андора Констракшн» ЖШС-нің директоры 2020-2023 жылдар аралығында жергілікті атқарушы органнан үлескерлердің ақшасын тартуға келісім алмаған. Бірақ, 25 азаматқа жалған алдын-ала келісімдер жасау арқылы 313 миллион теңгеге пәтерлер сатқаны анықталды. Атырау қаласындағы №2 соттың үкімімен серіктестік директоры аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Ол 5 жылға бас бостандығынан айрылды. Ал, «Nazik Group» ЖШС-нің директоры мен «Атамекен Тұрғын Үй», «Family Town» және «Baisanat Residence» тұрғын үй кооперативінің құрылтайшысы да осыған ұқсас фактілер бойынша сотталды», - деп хабарлады облыстық прокуратурадан.
Биыл прокурорлық қадағалаудың нәтижесінде 2 құрылыс компаниясы әкімшілік жауаптылыққа тартылған. Бұл компаниялар 1 миллион теңге көлемінде айыппұл төледі.
«Облыстық прокуратура қызметкерлері азаматтардың үлестік құрылыс нарығындағы құқықтарының сақталуын бақылауда ұстап отыр. Үлескерлердің пәтерлерін уақытылы алу үшін құқықтарының бұзылуына жол бермейді», - деп мәлім етті облыстық прокуратурадан.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда 8 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын хабарлаған едік.