Атырауда құрбан шалуға арналған орындар белгілі болды

АТЫРАУ. KAZINFORM — Құрбан айт мерекесіне орай Атырау облысында арнайы мал сою орындары ұйымдастырылады. Бұл туралы Иманғали орталық мешіті хабарлады.

Фото: Kazinform\ЖИ

Мешіт ұсынған мәліметке сәйкес, тұрғындар төмендегі қасапханалар мен мал сою орындарына бара алады.

Атырау қаласында:

— Иманғали орталық мешіті қасапханасы;

— «Адал мал» базары;

— «Асыл Агро» мал базары;

— Құспан молла мешіті қасапханасы;

— Қ.Мұңайтпасов мешіті қасапханасы.

Жылыой ауданында:

— Құлсары қаласы, 4 ауылдағы «ИП Оралша» мал сою орны;

— «ИП Сисенкулова» жанындағы «Сәкен» мал сою пункті.

Индер ауданында:

— Индер–Қарабау тас жолы бойындағы №10 учаскеде орналасқан ИП Мендешов мал сою орны.

Сонымен қатар Құрбан айт күндері облыстың өзге аудандарындағы мешіттер жанындағы қасапханаларда да құрбандық шалу рәсімі ұйымдастырылады.

- Өңірдегі барлық мешітте айт намазы оқылып, мешіт аулаларында киіз үйлер тігіліп, мерекелік іс-шаралар өтеді. Сондай-ақ әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балаларына ерекше көңіл бөлініп, облыс бойынша шамамен 15 мың балаға айттық сыйлық тарату жоспарланып отыр, - деп мәлімдеді Иманғали орталық мешіті.

Бұдан бөлек, азаматтарға қолайлы болу мақсатында онлайн құрбан шалу мүмкіндігі де қарастырылған. Арнайы qurban.muftyat.kz сайты арқылы құрбан малына тапсырыс беріп, құрбандық рәсімін онлайн өткізуге болады.

Мешіт мәліметінше, онлайн түрде шалынған құрбандықтың еті әлеуметтік осал топтағы отбасыларға еріктілер арқылы жеткізіледі.

Айта кетейік, Атырауда айт намазы 06:30-да оқылады.

Бұған дейін Түркістан облысында 43 арнайы мал сою орны белгіленгенін жазған едік.