Атырауда мал шығыны тіркелген ауданға тағы 45 тонна жем жеткізілді
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысы Исатай ауданы Тұщықұдық ауылына Орал қаласынан 45 тонна жем әкелінді. Басты мақсат — аудан аумағындағы мал басын қыстан аман алып шығу.
Бұл — кебек емес, тартылған ақ бидай жемі. Бір келісі 104 теңгеден сатылымға шығарылды, яғни, бір қабы 2600 теңгеден сатылып жатыр.
Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Дидар Есмұхановтың айтуынша, бұл баға нарықтан арзан. Өйткені, жемді жеткізу жұмыстарына, яғни техникаға және оған қажетті жанар-жағармайға ауданда жұмыс істейтін кәсіпкерлер мен ірі компаниялар демеушілік көрсеткен. Мұндай жұмыс алдағы апталарда ауданның өзге де ауылдарында жалғасады.
Айта кетейік, Тұщықұдық ауылдық округі бойынша 127 шаруа қожалығы, 357 жеке тұрғындар мал шаруашылығымен айналысады.
Естеріңізге салайық, өткен аптада мұндай жұмыс Исатай ауданына қарасты Қамысқала ауылдық округінде ұйымдастырылған еді. Оралдан 39 тонна жем жеткізілді.
Себебі, қаңтарда жауған жаңбыр қарға ұласып, жер бетінде мұздақтың пайда болып, түзде жайған түлікке қиын соқты. Салдарынан 50-ден аса жылқы өлді.