Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Исатай ауданында «Урал» мотоциклі тоқтатылған. Мотоциклге тіркелген шанада заңсыз ауланған балық болған.
– Облыс аумағында 1-28 ақпан аралығында табиғи ресурстарды заңсыз айналымнан қорғау мақсатында кең ауқымды «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Осыған орай Исатай ауданындағы Жанбай ауылы маңында рейдтік іс-шара кезінде шана сүйреп келе жатқан «Урал» мотоциклі тоқтатылды. Мотоциклде 4 адам, шанада 10 қапқа салынған 530 келі балық болған. Заңсыз балық аулаушылардан 2 пышақ, 2 дана радиоқабылдағыш табылды. Тәркіленген балық «Тілекші» ЖШС-нің цехына тапсырылды, -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Қазір аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабының 3-бөлігінің 4-тармағымен қылмыстық іс қозғалды. Полиция қызметкерлері тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
– Азаматтарды табиғатқа зиян келтіретін заңсыз әрекеттерден бас тартуға шақырамыз. Браконьерлік әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертемыз, -деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда заңсыз балық аулаған браконьерлер мотоциклін тастап қашып кеткенін жазған болатынбыз.